Ақмола облысында сотталғандарға колледждің қызыл дипломдары тапсырылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының колониясында кәсіби колледж түлектеріне дипломдар тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кәсіптік оқыту – сотталғандарды қайта әлеуметтендірудің, оларды бостандықтағы өмірге дайындаудың маңызды бағыттардың бірі.
Жыл сайын Ақмола облысы бойынша ҚАЖ департаментінің мекемелерінен 200-ден астам адам кәсіби колледждерге оқуға қабылданады, ал облыста колледждер саны – үшеу.
ЕЦ-166/4 қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінен жыл сайын 90-ға жуық сотталған оқиды. Олар «Тігінші – әмбебап», «Токарь-әмбебап», «Газэлектрдәнекерлеуші», «Автожөндеуші», «Электрик-жөндеуші», «Аспазшы» сияқты 6 жұмысшы мамандығы бойынша білім алады.
25 маусым күні мемлекеттік емтихандарды тапсырғаннан кейін колонияның плацында білім туралы дипломдарды тапсыру салтанаты өтті.
«Біздің студенттер мемлекеттік емтихандарды сәтті тапсырды. Биыл студенттер Игорь Дубровский мен Мұрат Макентаев «Дәнекерлеуші« және «Токарь« біліктілігімен қызыл дипломдар алды. Бұл адамдар карантиндік шектеулерге қарамастан жыл бойы аянбай еңбек етіп, емтихандарды өте жақсы тапсырды», - деді «Атбасар қаласының аграрлық-индустриялық колледжі» бөлімінің меңгерушісі Сергей Баций.
Колония басшысының орынбасары Жеңіс Ыбраев оқу жылының аяқталуымен педагогтер мен түлектерді құттықтады.

«Әкімшілік атынан және жеке өз атымнан мұғалімдердің еңбегі мен көрсеткен қолдаулары үшін алғыс айтқым келеді, Сіздер өз оқушыларыңызға тек білім беріп қана қоймай, өмірлік тәжірбиелеріңізбен бөлісіп, негізгі өмірлік принциптер мен ережелерді үйретесіздер», - деді ол.
Сонымен бірге, «Аграрлық-индустриялық колледж» директоры Владимир Лукин 2020-2021 оқу жылының қорытындысын шығарып, облыстық ҚАЖД ведомствосының басшысына алғыс білдірді.
Айта кетейік, биыл барлығы 82 сотталған азамат оқуды аяқтап, диплом алды, олардың ішінде екеуі – үздік диплом.