Ақмола облысында су тасқыны қаупі сейілді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында су тасқынының қаупі сейілді. Қауіпті аудандарға аттанған құтқарушылар үйлеріне оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, наурыздың басында облыстың төрт ауданына көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын ұйымдастыру үшін 142 құтқарушы көмекке барған болатын.
«Су тасқыны кезінде апатты құтқару жұмыстарын жүргізу үшін ТЖ департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінен жасақталған 2410 құтқарушы, 1058 бірлік техника және 60 жүзу құралы, 251 мотопомпа әзірленді. Оның біраз бөлігі алдын ала Астрахан, Атбасар, Аршалы, Целиноград аудандарына жіберілді. Құтқарушылардың басты міндеті – төтенше жағдайды ескерту болатын. Қазіргі таңда аталмыш аудандардағы өзендер мен су қоймаларындағы судың деңгейі төмендей бастады. Сол себепті қауіпті аудандарға көмекке атанған құтқарушылар үйлеріне қайта бастады. Жалпы, өңірде ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері бірлесіп жүргізген жедел алдын алу шаралары су тасқынын болдырмады», - дейді Ақмола облысының ТЖД бастығы Алексей Советов.
Старый Колутон ауылының тұрғыны Петр Подоксенов қиын сәтте көмекке келіп, қол ұшын созған құтқарушыларға алғысын білдіруде.
«Биылғы қыста қар жылдағыдан көп жауды. Сол себепті су тасқыны орын алып, тұрғын үйлерді су алып қала ма деген қауіп болды. Құтқарушыларға алғысымыз шексіз. Жедел үйлерді айнала қоршай құм салынған қаптармен көмкеріп, су сору жұмыстарын жүргізді. Судың деңгейін тәулік бойы бақылады»,- дейді ол.
Айта кетейік, соңғы екі ай бойы құтқарушылар қорғаныс бөгеттерін нығайтып, осал тұстарына құм салынған қаптар төседі. Алға қойған міндеттерін абыроймен орындаған құтқарушылар жергілікті атқарушы органдардың құрмет грамотталарымен марапатталды. Қазіргі кезде, Ақмола облысының Азаматтық қорғаныстың аумақтық жүйесі жоғары дайындық режимінен қалыпты күйіне ауысуда.