Ақмола облысында су тасқыны қаупінің беті қайта бастады - аймақ басшысы
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин су тасқынының алдын алу мақсатында қауіпті саналатын аймақтарды тікұшақпен әуеден бақылап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аймақ басшысының туризм жөніндегі кеңесшісі Марат Иғалиге сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Атбасар қаласында облыс әкімі су тасқынын болдырмау мақсатында қолға алынған шаралар аясында салынған инженерлік нысандардың беріктігін тексерді. Күз және қыс айларында «Атбасар-Қима» тас жолының бойында су өткізетін құбыр орнатылды. Жабай өзенінің сол жақ жағасы мен бұрынғы сағасы, яғни, «Атбасар-Қима» тас жолының автокөлік көпірі тұсындағы ұзындығы 450 метр аумақ тазартылды. Үш су өткізетін нысан ауыстырылып, жөнделді. Атбасар қаласының өзен аумағындағы 7900 метр жер және теміржол көпірінің астындағы өзеннің арнасын кеңейту және тереңдету бойынша жүргізілген жұмыстар аяқталды.
«Судың қалыпты деңгейден жоғары болғанына қарамастан, барлық қызметтердің жұмыла жұмыс істеуінің арқасында қауіптің беті қайта бастады», деп атап өтті Мәлік Мырзалин.
Сонымен қатар, облыс әкімі азаматтық қорғаныс және аудан басшылығына су тасқынының алдын алу жұмыстарын бақылауда ұстап, табиғаттың тосын сыйына дайын болуды тапсырды.
Аймақ басшысы өткен жылы тасқын судан зардап шеккен атбасарлықтар үшін салынып жатқан жаңа тұрғын үйдің құрылысына назар аударды. Мердігерлерге жұмыс қарқынын арттыруды және тұрғын үйлерді уақтылы әрі сапалы салуды талап етті.
Жалпы, Ақмола облысында 84 елді мекенде су арналарын кеңейту (28,4 км), уақытша бөгет тұрғызу (39,4 км), бөгеттерді нығайту (12,1 км) бойынша инженерлік жұмыстар жүргізілді.
«Ақмола облысында 96 бақылау бекеті, 29 гидробекет, 19 метеобекет, 10 агрометеобекет, 8 көлдердің гидробекеті орналасқан. Наурыздың 12-19 аралығында облыстың тоғыз ауданында өзен-көлдердің бетіндегі 18,2 шаршы метр аумақта мұз жару жұмыстары жүргізілді», - деп түсіндірді әкімнің кеңесшісі.