Ақмола облысында су тасқынына байланысты жағдай тұрақты - ТЖД

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында су тасқынына байланысты жағдай тұрақты. Бұл туралы Мəлік Мырзалиннің төрағалығымен өткен көктемгі су тасқынының алдын алу мəселесі қаралған кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында су тасқынына байланысты жағдай тұрақты - ТЖД

Кеңеске селекторлық режімде аудан, қала əкімдері мен су тасқынының алдын алу шараларын өткізуге қатысты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері қатысты.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Алексей Советов өңірдегі су тасқынының алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыс жайында жан-жақты баяндап берді.

«12-19 наурыз аралығында облысымыздың  9 ауданында жалпы аумағы 18,2 мың шаршы метр болатын мұз алаңын жару жұмыстары жүргізілген. Ішкі істер органы төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары үшін 524 адамнан тұратын арнайы топ құрып, 109 техника дайындаса, жергілікті атқарушы органдар апаттың алдын алуға қажетті 3281 адамнан тұратын еріктілерді жасақтап, 1707 техниканы əзірлеп отыр. Сонымен бірге, апат бола қалған жағдайда адамдарды қабылдайтын 197 қабылдау қосыны да дайын. Апаттың алдын алу үшін жұртшылықты хабарландыру мақсатында төтенше жағдайлар департаментінің сайтына ақпараттар жарияланып тұрады. Оған қоса, «Facebook», «ВКонтакте»əлеуметтік желілері арқылы да төтенше жағдай қаупіне орай ақпараттар берілуде. Жол қызметкерлері су ағатын жүлгелерді тазарту жұмыстарын аяқтады. Оның ішінде автокөлік жəне теміржол көпірлері бар. Бүгінгі күнге дейін облыстық маңызы бар 805 құрылғы жəне 44 көпір тазартылған», - деді  Алексей Советов.

Облыс əкімі жергілікті атқарушы орган басшылары мен апаттың жекелеген ұжым өкілдерінің алдына нақты тапсырмалар жүктеді. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың тəулік бойы су деңгейін бақылауда ұстауы, апаттың алдын алуға қажетті шараларды жүзеге асырып, бөгеттерді көтеру, инертті заттарды, техниканы дайындау сияқты міндеттер бар. Қардың жаппай еруі наурыздың соңы мен сəуірдің алғашқы жартысында болады деп күтілуде. Облыс басшысы осы кезеңде айтып келмейтін апаттың алдын алу, оған жол бермеу шараларына жергілікті атқарушы органдар мен тиісті ұйымдар барынша жете көңіл бөлулері тиіс екендігін қатаң ескертті.