Ақмола облысында су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетілуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету бойынша кең ауқымды жұмыстар жалғасуда.
«Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалында азық-түлік пен қажетті заттарды қабылдау пункті жұмыс істеп тұр, деп хабарлады Ақмола облысының ішкі саясат басқармасынан.
«Азық-түлік пен қажетті бұйымдардың алғашқы партиясы бүгін Атбасарға жіберілді. «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов Атбасар ауданына азық-түлік пен қажетті бұйымдар алып барды», - деп атап өтті ішкі саясат басқармасынан.
Облыстық штабтың еріктілері мен белсенділері гуманитарлық көмектің тағы бір бөлігін әзірлеп жатыр. Сонымен бірге, партияның барлық аудандық филиалдарында азық-түлік пен қажетті заттарды қабылдайтын орындар ашылды. «Нұр Отан» партиясының облыстық және қалалық филиалдарының қызметкерлері де сырт қалған жоқ, олар біркүндік еңбекақыларын зардап шеккендерге көмек ретінде аударды.
Бурабай ауданында жылы киімдер мен азық-түлік қабылдайтын екі пункт ашылды. Мұндағы ұйымдар мен кәсіпорындардың басшылары, кәсіпкерлер, Іскер әйелдер қауымдастығы, «Щучинскінің мейірімді жүректері» еріктілер клубы өз жерлестеріне қол ұшын созуда.
Целиноградтың «Мейірімділер клубы» су тасқынынан зардап шеккендерге қаржылай көмек жинауды ұйымдастырып, 14 отбасына жәрдем көрсетті. Қазіргі уақытта 20 үйді су басқан Новоишимка ауылдық округі Семеновка ауылының тұрғындарына қаражат жиналуда.
Одан бөлек, Мәдениет және спорт министрлігі жәрдем беру туралы бастама көтеріп, Атбасар қаласына азық-түлік, ұн мен күріш жіберді. Министрліктің партиялық ұяшығы арнайы есепшотқа біркүндік жалақыларын аударды.
«Медиа-центр» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақмола облысының аудандарына қолдау білдіру бойынша Астана қаласының супермаркеттері арасында науқан ұйымдастыруда.
Бұған дейін хабарланғандай, Көкшетаудағы достық үйінде ақшалай қаражат жинау пункті ашылды. Тағы бір есепшот ашқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақмола облыстық филиалының хабарлауынша, осы күнге дейін 5 миллион теңгеден астам қаржы жиналған. Ақшалай көмек «Жан жылуы» қоғамдық қайырымдылық қорынан, Көкшетау қаласының «Орталык базарынан» және өзге де бей-жай қарамаған азаматтардан келіп түсті.
Азық-түлік пен қажетті заттар жинау жұмыстары әлі де жалғасуда.
