Ақмола облысында су тасқынының қаупі бар аумақтар әуеден бақыланды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы әкiмiнiң орынбасары Жанболат Смайлов, облыстық төтенше жағдайлар департаментiнiң бастығы Алексей Советов, Зерендi, Бурабай аудандары әкiмдiктерiнiң, Есiл бассейндiк инспекциясының өкiлдерi көктемгi су тасқынының қаупі бар аумақтарды әуеден бақылап шықты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі аумақтық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облысында су тасқынының қаупі бар аумақтар әуеден бақыланды

Ұшу маршруты Зерендi, Сандықтау, Атбасар және Бурабай аудандарын қамтыды. Əуеден неғұрлым осал учаскелер бақыланып, жалпы су тасқынына бағалау жүргiзiлдi.

Ауа температурасының көтерiлуiне байланысты, Зерендi ауданы Шағалалы өзенiнiң маңында қар суы жиналған. Осыған байланысты Шағалалы су қоймасына судың ағып келуi ұлғайған, шамамен 20 миллион текше метрге  жуық.

Зерендi және Сандықтау аудандарының өзен арнасы бойында су жинала қойған жоқ, бірақ едәуiр қар жатыр.

Атбасар ауданының елдi мекендеріндегі ерiген қар суы Жабай өзенiнiң арнасына құйылуда. Атбасардағы жағдайы тұрақты түрде бақылануда.

Бурабай ауданында ерiген қар суы Қылшақты өзенi және Кенесары ауылы арқылы ағып өтеді. Зерендi ауданының Ивановка ауылы бағытындағы еріген қар суы Көкшетау қаласының іргесіндегі Қопа көлiне келіп құяды.

Əуеден бақылау қорытындысы бойынша Көкшетау қаласының әуежайында Ақмола облысы әкiмiнiң орынбасары Жанболат Смайлов облыс аумағында көктемгi су тасқынының қаупін алдын алу бойынша жедел кеңес өткiздi. Кеңесте Шағалалы су қоймасынан тәулiгiне 3 миллион текше метрге дейiн су ағызу, Зерендi ауданы Алексеевка ауылының су қозғалысын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргiзу туралы тапсырмалар бердi.

Бүгінгі таңда барлық объектiлерде тәулiк бойы кезекшiлiк ұйымдастырылып, мониторинг жүргiзiлуде.