09:38, 20 Шілде 2015 | GMT +5
Ақмола облысында суға батып кеткен 4 адамның денесі табылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында үш күннің ішінде суға батып кеткен 4 адамның мәйіті табылды. Бұл туралы аймақтық ТЖД баспасөз қызметінен хабарлады.
Шілденің 14-і күні Аршалы ауданының Бірсуат су қоймасында балық ауламақ болған 1959 жылғы ер суға батып кеткен. Оның денесі араға үш күн салып 17 шілдеде Ақмола облыстық ТЖД жедел құтқару отрядының көмегімен жағаға шығарылды.
Сондай-ақ 16 шілде күні Шортанды ауданының Бозайғыр ауылындағы су қоймасына батып кеткен 1998 жылғы жасөспірімнің денесі табылды.
Ал 17-ші шілде күні Целиноград ауданында суға батып кеткен екі адамның мәйіті табылып, жағаға шығарылды. Оның бірі Қызылсуат ауылындағы су қоймасынан табылған 25-35 жас шамасындағы бет-бейнесі азиаттық қыз болса, екіншісі Қызылжар ауылында Нұра өзеніне батып кеткен 1972 жылғы ер адам екені анықталып отыр.