Ақмола облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс енгізіліп жатыр

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында квазимемлекеттік сектор ұйымдарында және коммерциялық ұйымдарда корпоративтік адалдық стандарттарын сақтауға жауапты сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институтын құру мәселелері бойынша семинар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс енгізіліп жатыр

«Өткен жылдан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің өзектілігі мен маңызы заңнамалық деңгейде айқындалған. Комплаенс қызметі мамандарының басты міндеттерінің бірі - құқық бұзушылықтың алдын алу және ұйымның имиджін қорғау. Бұл құрал квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға, сондай-ақ компаниялар ұжымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты мінез-құлық үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік береді деп санаймыз», - деп атап өтті «Antikor ortalyǵy» алаңында Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев.

Семинарға қатысқан ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін зерделеу жөніндегі зерттеу орталығының жетекшісі Жанар Рысбекова сөз сөйледі.

Ол жиында стандарттау халықаралық ұйымы әзірлеген ISO 37001 «Парақорлықпен күрес менеджменті жүйесі» халықаралық стандарты туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

ISO 37001 стандарты 2016 жылдың қараша айында жарық көрді.

Оны әзірлеуге 44 елден 80-нен астам сарапшы тартылып, үздік әлемдік сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәжірибелер қолданылды.

Ол ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесін енгізу, қолдау және жақсарту жөніндегі егжей-тегжейлі талаптар мен ұсынымдардың жиынтығын білдіреді.

«Стандартта сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесі, яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимылға және ұйымның корпоративтік мәдениетін жақсартуға бағытталған шаралар мен бақылау рәсімдерінің тізбесі толық айқындалғанын атап өткім келеді», - деп хабарлады Жанар Рысбекова.

Кездесу соңында қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс формалды механизм емес, шын мәнінде жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті.

Мұнда бәрі әр ұйым басшылығының еркі мен күш-жігеріне байланысты.