Ақмола облысында тәулігіне 600 тонна май өңдейтін зауыт салынып жатыр
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысына қарасты Макинск қаласында қазіргі заманғы озық технология бойынша тәулігіне 600 тонна өсімдік майын өндіретін жаңа зауытты іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Зауыт құрылысын «Бота-2015» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған. Қазіргі кезде ғимараттың қабырғалары тұрғызылып, қойманың құрылыс-монтаж жұмыстары, теміржол құрылысы аяқталуға жақын. Осы заманғы қондырғылармен жабдықталған зауытта майлы дақылдарды өңдеп, таяу шетел нарығына экспорттау жоспарланған», - дейді Бұланды ауданы әкімдігіндегілер.
Жобаның құны 4,2 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Кәсіпорын ашылса, жергілікті 80 адамды жұмыспен қамтылады. Еліміз бойынша осы тектес зауыт Алматы қаласында ғана бар. Мұндай өндіріс орындарын салу - тереңдетіле өңделген, құны жоғары өнім экспортына өтуге мүмкіндік береді.