Ақмола облысында теңдессiз металл қондырғыларын шығаратын ерекше зауыт жұмысын бастады
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Ақкөл ауданында теңдессiз металл қондырғыларын шығаратын ерекше зауыт жұмыс iстеуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық əкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы Сергей Кулагин аталған ауданға барған жұмыс сапары барысында республикадағы жалғыз металл конструкцияларын өндiретiн теңдессiз зауыт қызметiмен танысты.
«СП Казахстан ЭХЗ технологии» ЖШС өңiрдегi жаңа кәсiпорын болып саналады. Ол 2016 жылдың қыркүйек айында ғана iске қосылған. Мұнда жерасты мұнай-газ құбырларының антикоррозиялық қорғанысына арналған анодты жерге тұйықтағыштар мен өзге де металл қондырғылары шығарылады. Бұл бұйымдар жер асты құбырларын коррозиядан қорғауға арналған.
«Жоба iске қосылғалы берi 26 миллион теңгенiң өнiмi өндiрiлдi. Кәсiпорынның жобалық қуаты айына 2 мың анодты құрайды. Бүгiнде 8 жұмысшымыз бар», - дейдi кəсіпорын басшысы Жеңiс Бексұлтанов.
Өңiр басшысы өңiрдiң өнеркәсiптiк әлеуетiн арттыратын кез-келген жаңа жобаны қолдайтынын айтты.
