Ақмола облысында тіл онкүндігінде 1000-ға жуық шара өтеді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында тіл онкүндігі шеңберінде 1000-ға жуық онлайн шара өткізілетін болады. Бұл туралы журналистермен өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында тіл онкүндігінде 1000-ға жуық шара өтеді

Басқарма басшысы атап өткендей, тиісті қабылданған құжатқа сәйкес «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі облыстық іс-шаралар жоспары» бекітілген. Осы жоспар сәйкес тіл онкүндігі шеңберінде өңірде бірқатар шаралар қолға алынбақшы. Коронавирусқа байланысты олардың барлығы онлайн формантында өткізу жоспарланған.

«Ақмола облысы бойынша тіл онкүндігі аясында 1000-ға жуық онлайн іс-шара өткізіледі, оған 200 мыңға жуық адам қатысады. Нақтырақ айтсам, «Ұлы Даланың ұлы Тілі» Түркия, Англия, Франция, Мажарстан елдерінің этникалық қазақ қоғамдықтарының қатысуымен халықаралық онлайн конференциясы, «Тіл - халықтың ұлы байлығы, бала тілі – бал бүлдіршіндер» атты онлайн фестивалі, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай аудан жастары арасында «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактатынан» үзінділер жатқа айту сайысы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Абай тілі – ғасыр үні» атты мәнерлеп оқу, бейне байқаулар сайысы және басқа да шаралар ұйымдастырылады» - деді басқарма басшысы Алтынай Әміренова.