Ақмола облысында тұмауға қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.
Брифингте айтылғандай, облыс аумағында тұмауға қарсы екпе егу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілді. Өткен жылы осы мақсатта тұмауға қарсы екпе егу үшін 2016-2017 жылдарға облыстық бюджеттен 44 миллионнан астам теңге қаражат бөлінді.
Көп жылғы талдау көрсеткендей мамандар Ақмола облысы аумағында тұмаудың 2016-2017 эпидемиологиялық маусымы қазаннан сәуір айына дейін жалғасатынын болжап отыр.
Сол себепті аудан жəне қалалардағы емханалар мен ауруханаларда тұмау тиіп, ыстығы көтерілген науқастарды қабылдау үшін барлық жағдай жасалған. Оған қоса, қосымша телефон мен жедел жәрдем көлігі бөлініп отыр.
"Облыс орталығында жəне Көкшетау қалалық емханасында тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай қалыпты. 2016 жылдың 6 желтоқсаны мен 2017 жылдың 10 қаңтары аралығында 1040 тұмау тию оқиғасы тіркелді", деді Көкшетау қалалық емханасының бас дәрігері Ғалия Сабатаева.
Сонымен қатар, қалада арнайы "103" телефон нөмірі арқылы жедел жәрдем көмегін шақыратындар саны артқаны байқалады. Жаңа жыл мерекесі күндері жедел жәрдем қызметіне медициналық көмек сұрап 4500-ге жуық өтініш түскен.