Ақмола облысында туристерге 12,8 млрд теңгеге қызмет көрсетілген
«Ақмола облысы Қазақстандағы туризмді дамыту драйверлерінің бестігіне кіреді. Мұнда Щучье-Бурабай, Зеренді курорттық аймақтары, үш мемлекеттік ұлттық табиғи парк, ЮНЕСКО тізіміне енгізілген Қорғалжын табиғи қорығы орналасқан», - деді Елдос Рамазанов Мәдениет және спорт министрлігінің туризмді дамыту мәселелері жөніндегі көшпелі алқа отырысында.
Республика бойынша туризм саласында қызмет көрсетуде Ақмола облысының үлесі шамамен 10% құрайды, бұл салада 600-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.
«Саланың негізгі көрсеткіштері бойынша тұрақты оң динамика байқалады. Көрсетілген қызметтер көлемі 12,8 млрд теңгеге жетіп, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге өсті, осылайша біздің облыс республика бойынша үшінші орында тұр», - деді Елдос Рамазанов.
2022 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі ішкі туризм ағыны 15 пайызға өсіп, 1 млн келушіден асқан.
«Өткен жылы «Кедровый бор», «Дом у озера» сынды бірқатар нысан пайдалануға берілді. Негізгі капиталға салынған инвестиция 30 пайызға өсіп, 17,6 млрд теңгені құрады. Жақын арада «Ақбура резорт» ірі инвестициялық жобасының құрылысы аяқталады, бұл аймақтағы ең басты отбасылық демалыс орталығы болады», - деді Е. Рамазанов.
Айта кетейік, Бурабай курортында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің туризм саласын дамытуға арналған кеңейтілген алқа отырысы өтіп жатыр.