Ақмола облысында ҮЕҰ мәліметтер базасын жаңғырту мәселесі талқыланды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова, «Ақмола облысы бойынша азаматтық альянсы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Ирина Терентьева және мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Әлия Өтекина қатысты.
«Бүгінгі күні елімізде 15 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым болса, біздің облысымызда олардың саны мыңнан асады. Алайда, бүгінгі таңда оның 559-ы тіркелген болса, 110-ы жұмыс істемейді. Сол себепті олардың мәліметтер базасын жаңғырту ісі жүргізілуде», - деді Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова.
Аталған басқарманың үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Серік Сәдуақасовтың айтуынша, бұл шара ұйымдардың қызметінің ашықтығын, немен айналысатындығын, басқа да оған қатысты ақпараттар түрінде жинақталып, жұртшылық назарына ұсынылады. Мәліметтер базасында тіркелмеген үкіметтік емес ұйымдар конкурстарға қатысып, мемлекет тарапынан берілетін гранттарға тапсырыс бере алмайды. Қазіргі күні Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі «Мәліметтер базасын дайындау туралы» заң жобасын дайындауда. Бұл мәселеге ерекше мән берілуінің себебі қаптап кеткен үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын ретке келтіру және олардың ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.
Сонымен қатар, брифингте «Ақмола облысы бойынша азаматтық альянсы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Ирина Терентьева мен облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Әлия Өтекина мәліметтер базасына берілетін мәліметтер формасын толтыру жайы мен мемлекеттік гранттар алып немесе конкурстарға қатысу арқылы қаржыландырылатын үкіметтік емес ұйымдардың салық органдарына есеп беру тәртібі туралы айтып берді.