Ақмола облысында ұрланған 400 бас мал иесіне қайтарылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жыл басынан бері барлығы 400 бас мал иесіне қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында ұрланған 400 бас мал иесіне қайтарылды

ІІД баспасөз қызметінің дерегі бойынша, өңірде «Мал ұрысы» жедел алдын алу шарасы жүргізілуде. Шараға криминалды полиция, учаскелік полиция, патрульдік қызмет бөлімшелерінің қызметкерлері тартылды. Республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарға қосымша 45 мобильді топ орналастырылды. Олар тәулік бойына мал және мал етін тасымалдаушылардың құжаттарын тексереді.

Шараның алғашқы күні полицейлер барлығы 70-тен астам көлікті тексерді. Оның 13-де қажетті құжаттар жоқ болып шықты. Бұған қоса, шағын базарлар мен ет комбинаты және шұжық цехтары тексерілді.

«Жүргізілген жедел алдын алу шарасы барысында 6 мал ұрлығының беті ашылды. Күдікті 4 адам ұсталды, 11 бас мал иесіне қайтарылды. Жалпы, жыл басынан бері облыс бойынша барлығы мал ұрлығына қатысты 80-ге жуық қылмыс әшкереленіп, ұрланған және жоғалған 400 бас мал иесіне қайтарылды», - деп түсіндірді ІІД баспасөз қызметіндегілер.