Ақмола облысында үздік мектеп оқушысы анықталды
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу және білім күні аясында Көкшетаудағы дарынды балалармен шығармашылық жұмыс жүргізу бойынша оқыту-әдістемелік орталығында 7-8 сынып оқушылары арасында «Қазақстан эрудиті» интеллектуалды турнир өткізілді.
Оған облыстың Бұланды, Бурабай, Ерейментау, Есіл, Зеренді, Сандықтау және Целиноград аудандарынан келген дарынды оқушылар қатысып, білімдерін сынап көрді.
Турнир «Өз ойының», «Білгірлер шайқасы» және «Фото-марафон» тәрізді үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар қазақ, орыс, ағылшын тілдері мен Қазақстан тарихы және жағрапия пәндері бойынша қойылған 30 сұраққа жауап берсе, екінші кезеңде фотосурет бойынша адамды суреттеп, оның келбетін ашуы тиіс болатын.
Ал, шешуші үшінші кезеңде фотосурет бойынша елді мекеннің көрікті жерлері мен ескерткіш және өнер туындыларын суреттеп, айтып берді.
Нәтижесінде турнир қорытындысына сай Ерейментау ауданынан келген Айкүміс Қайрат жеңімпаз атанды. Ал, екінші орында есілдік Дмитрий Гуменяк, үшінші орында бурабайлық Айнұр Қасенова.