Ақмола облысында үздік отбасылық қарым-қатынас клубы анықталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің жоспарына сәйкес және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында ағымдағы жылдың 22 қыркүйегінде Ақмола облысының білім беру мекемелері арасында «Отбасылық қарым-қатынас клубының үздік ұйымы» облыстық сырттай байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облысында үздік отбасылық қарым-қатынас клубы анықталды

Байқауға 17 аудандық (қалалық) білім бөлімдерінен аудандық кезеңнің жеңімпаздары қатысты. Байқау отбасылық клуб қызметінің презентациясы бар портфолио; отбасылық құндылықтар, шығармашылық конкурстар мен көрмелер туралы бейнеролик тәрізді екі турдан тұрды.

«Отбасы - баланың дамуы мен қалыптасуындағы маңызды буын. Облыстың білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы отбасының, білім беру ұйымдарының, қоғамның кең түрде қатысуымен кешенді түрде жүргізіледі. «Отбасы – мектеп» тәрбие жобасында жалпыұлттық құндылықтарды іске асыру отбасы мен мектептің сындарлы ынтымақтастығы мен өзара қарым-қатынасына бағытталған», - деді ведомстводан.

Байқау қорытындысы бойынша 1 орынды Жақсы ауданындағы А.Әбдірахманов атындағы орта мектебінің «Нұршуақ» отбасылық қарым-қатынас клубы иеленсе, 2 орындарға Ерейментау ауданындағы Еркіншілік орта мектебінің «Күншуақ» және Көкшетау қаласындағы №6 мектеп-лицейінің «Радость общения» отбасылық қарым-қатынас клубтары лайық деп танылды.

Ал жүлделі 3-ші орынға Атбасар ауданындағы Шу орта мектебінің «Ұрпақ», Аршалы ауданындағы Ж. Тәшенов атындағы орта мектебінің «Мерейлі отбасы» және Сандықтау ауданындағы Приозерное орта мектебінің «Біз біргеміз» отбасылық қарым-қатынас клубтары ие болды.