Ақмола облысында үздік ұстаздар марапатталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қазан айының бірінші жексенбісі - Ұстаздар күні қарсаңында өңірдің үздік педагогтарын марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында үздік ұстаздар марапатталды

Облыстық Ішкі саясат басқармасынан мәлім еткендей, өзінің құттықтау сөзінде аймақ басшысы еліміздің білімді ұрпағын тәрбиелеуде мұғалімдердің еңбегіне ерекше тоқталды.

«Бүгінгі шағын ғана өтіп жатқан шарамызда облысымыздағы барша педагогтер қауымын төл мерекемен құттықтап, қажырлы еңбектері үшін алғыс білдіремін. Бұл мерекенің жөні басқа, жолы бөлек. Бұл өмірдегі адал да ең ізгі ниетті жан – ұстаз. Әрбір адам үшін мұғалімнің орны ерекше», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Шарада айтылғандай, соңғы үш жылда өңірде білім саласына жұмсалатын қаржы 50 миллиард теңгеге өсті. Үстіміздегі жылы облыстың білім жүйесін дамытуға 127 миллиард теңге қаражат бөлінді. Үш ауысыммен оқытатын және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі біртіндеп шешіліп келеді.


Шарада еселі еңбегімен көзге түскен бір топ мұғалім «Ыбырай Алтынсарин» және «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері, сондай-ақ, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Жоғары марапатқа ие болған 31 мұғалім ақшалай сертификатқа ие болды.

Бұдан бөлек, «Үздік педагог-2020» республикалық байқауы жеңімпаздарының да есімдері мақтанышпен айтылды. Олардың қатарында Атбасар қаласындағы «Алтын бесік» балабақшасының музыкалық жетекшісі Зәуреш Батырова, Макинск ақаласындағы мектеп интернатының бастауыш сынып мұғалімі Люция Подолько, Жақсы ауданының Қима ауылындағы Г.Әбдрахманов атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Еркегүл Сүлеймен, Ш.Уәлиханов КМУ көпбейінді колледжінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Құсайынова бар.