Ақмола облысында заңсыз ағаш кесу оқиғалары анықталды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 106 қарағай ағашы заңсыз кесілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, облыс аумағында қазанның 5-31 күндері табиғатты қорғау заңнамасының қорғалуын қамтамасыз ету, биологиялық ресурстар өнімі мен нысандарының заңсыз айналымын, экологиялық қылмыстарды ашу бағытында «Браконьер» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр.
Ақмола облыстық ПД табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері мен Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің өңірлік органдары бірлесіп жүргізген тексеріс кезінде Кеңес орман шараушылығы аумағында заңсыз аңшылық оқиғасы анықталды. Орман шаруашылығының қызметкерлері Кеңес ауылынан 16 шақырым жерден 12 калбирлі 6 гильза мен бір жылдық бұланның өлексесі табылғанын хабарлаған.
«Жедел іздестіру шарасы кезінде Степногорск қаласының 30 және 37 жастағы екі тұрғыны анықталып ұсталды. Екеуінен «МР-155», «СКС-366» және «Benelli М-4» маркалы мылтықтар тәркіленді.
Осыған байланысты бірқатар сараптама тағайындалды. ҚР ҚК 337 бабының 1-ші бөлігі бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», дейді ведомстводан.
Ал, 8-ші қазанда Бұланды ауданының Черноречья орман шаруашылығы аумағында 106 түп қарағайдың заңсыз кесілгені белгілі болды.
«Бұл қылмысқа күдікті, 27 жастағы жергілікті тұрғыны ұсталды. Оның табиғатқа келтірген шығынының көлемі 472 000 теңгеге бағаланып отыр. Осыған байланысты ҚР ҚК 340 бабының 2- бөлігі бойынша іс қозғалды.
Дәл осындай заңсыз ағаш кесу оқиғасы 22 қазан күні Сандықтау ауданында тіркелді. Мұнда Новоникольск аулының 44 жастағы тұрғыны 45 қарағай ағашын заңсыз кескен. Оның үстінен де іс қозғалды», деп толықтырды ведомстводан.
Айта кету керек, «Браконьер» жедел алдын алу шарасы барысында арнайы мобильді топ табиғатты қорғау заңнамасына қатысты 136 заңбұзушылықты анықтады. Оның ішінде 80-і аң аулау, 22-і балық аулау ережесіне қатысты. Сонымен қатар, аңшылық мылтығын қолднау және тасымалдауға қатысты 26 әкімшілік хаттама толтырылып, 4 аңшы мылтығы тәркіленді.