Ақмола облысында заңсыз есірткі саудасымен айналысқан 2 ер адам қолға түсті

Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Полицейлердің мәліметі бойынша Макинск қаласының тұрғыны тұрғылықты жерінде ұзақ уақыт бойы заңсыз есірткі саудасымен айналысып келген екен. Сатып алушы болып барған полицейлерге ол 9 грамм марихуананы сатпақ болған кезде қолға түсті. Кейін оның үйін тінту барысында осындай зат салынған полиэтилен қапшық табылған.
Ал, екінші адам Көкшетау қаласында ұсталды. Оның облыс орталығындағы ЖОО-ның 21 жастағы студенті екені анықталды. Күдікті есірткіні сатып қана қоймай, өзі де пайдаланған. Студент наркополицейлерге 3 грамм есірткі сатып, қолға түсті. Ұсталған кезде, оның есірткіге мас болғаны анықталды. Баласының заңсыз есірткі саудасымен айналысып жүргенін бірге тұрған ата-анасы да байқамаған.
Қазіргі кезде, алынған дәйектер сараптамаға жіберіліп, күдіктілердің екеуі де уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылды. Сонымен қатар, олардың үстінен ҚР ҚК 297 бабы (заңсыз есірткі саудасымен айналысу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.