Ақмола облысында заңсыз такси жүргізушілері «Автоураган» арқылы анықталады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жолаушылар тасымалымен заңсыз айналысатын такси жүргізушілері «Автоураган» арқылы анықталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облысында заңсыз такси жүргізушілері «Автоураган» арқылы анықталады
Фото: пресс-службы ДП Акмолинской области.

Ведомствоның мәліметінше, Ақмола облысында жергілікті полиция қызметі басқармасы көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп заңсыз тасымалдаушыларды анықтау бойынша рейдтер жүргізуде. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, қалааралық маңызы бар автокөлік жолдарында жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен айналысқан жүргізушілердің кінәсінен болған 14 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 10-нан астам адам қаза тапты.

«Қоғамдық көліктер, соның ішінде автовокзалдардағы шағын автобустар техникалық диагностикадан өтетінін, сақтандырылатынын, ал жүргізушілердің өздері медициналық тексеруден өтетінін бәрі біледі. Өз кезегінде, жеке тасымалдаушылар керісінше бұл талаптарды елемейді», - дейді ведомстводан.

ПД баспасөз қызметінен атап өткендей, бүгінгі таңда облыста 35 «Автоураган» кешені жұмыс істейді. Оның ішінде 9 қалааралық маңызы бар трассаларда (Астана-Көкшетау, Астана-Атбасар, Көкшетау-Атбасар) орнатылған. Өңір полицейлері келесі жылдың басына дейін такси жүргізушілерін (заңсыз қалааралық жеке жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілерді) анықтау үшін осы кешенді жетілдіруді жоспарлап отыр.

«Қорғау» қосымшасы «Автоураган» жүйелерінен келіп түсетін ақпаратты автомобильдің бір тәулік ішінде трассаға екі рет (және одан да көп) шығуын бақылайтын болады және жақын орналасқан автопатрульдің планшетіне хабарлама жібереді. Сондай-ақ, қосымша күн сайын жолға шығатын автокөлікті бақылайды және іздейді.

Айта кетсек, бұдан бұрын «Екатеринбург – Алматы» трассасындағы жол апатынан 3 адам зардап шеккенін жазған едік.