Ақмола облысында жаңа аурухана салынады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде 630 орындық заманауи көпбейінді аурухана салынады. Аурухана құрылысы үшін «Сарыарқа» шағын ауданынан 17 гектар жер телімі бөлініп отыр. Жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы жүзеге асырылып, кейін республикалық бюджеттен қаржыландырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ақмола облысында жаңа аурухана салынады

Аурухана құрылысы «Ronesans Holding» түрік компаниясы және отандық «Astana Group» компаниясымен бірлесіп жүргізіледі.

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев инвесторлармен кездесіп, екіжақты меморандумға қол қойды.

Ол «Astana Group» басшылығына бастамашыл жобасы үшін алғыс айтып, оның облыс үшін маңызды екенін атап өтті.

«Пандемиядан біраз өзгерістер орын алды, оның ішінде халықтың денсаулығын сақтау бірінші орынға шықты. Біз денсаулық сақтау үшін көлік сатып аламыз, ауруханалар саламыз, оларды мүмкіндігінше жабдықтармен жабдықтаймыз. Біз үшін отандық бизнестің флагманы болып табылатын осындай жоғары деңгейдегі компаниямен ынтымақтастық маңызды», - деп хабарлады Ермек Маржықпаев.

Бұл жоба инфрақұрылымды жаңарту және денсаулық сақтау саласындағы озық технологияларды енгізу, медициналық туризмді дамыту, медициналық персонал мен пациенттер үшін барлық заманауи қауіпсіздік пен жайлылық шараларын қамтамасыз ету есебінен халыққа медициналық көмек сапасын арттыруға ықпал ететін болады.

Жобаны әзірлеу мерзімі – келесі жылдың маусым айы. Құрылыстың аяқталуы 2023 жылға жоспарланған.