12:21, 12 Желтоқсан 2018 | GMT +5
Ақмола облысында жаңа спорт алаңы ашылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Степногорск қаласында қазіргі заманға сай жабдықталған жаңа спорт алаңы пайдалануға берілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Тәуелсіздік мерекесіне орай төртінші шағын ауданда ашылған жаңа нысанының құрылысына «Самұрық - Қазына» АҚ «Менің елім» әлеуметтік жобасы шеңберінде демеушілік көрсеткен. Салтанатты шараға Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметов, «Самұрық - Қазына» АҚ өкілі, «СП СКЗ Қазатомөнеркәсіп» ЖШС Төлеужан Жексембаев қатысты.
«Спорт алаңының ашылуы - қаламыз үшін айтулы оқиға. Жастарымыз бос уақытын спортпен шұғылданумен өткізіп, өз физикалық қабілеттерін дамыта алатын болады. Бұл өңірде спортты дамытудағы маңызды қадам. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды одан әрі жалғастыра беретін боламыз»,- деді қала әкімі Еркебұлан Баяхметов.