Ақмола облысында жас жігіт ауылдасының 2 млн теңгесін ұрлаған
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола полицейлері бір тәуліктің ішінде ұрланған 2 млн теңгені тауып, иесіне қайтарып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақмола облысы Бұланды ауданында 4 наурызда ірі ұрлық жасалған. 60 жастағы жергілікті тұрғынның шағымы бойынша, белгісіз біреулер пәтерін ашып, ақшалай қаражатын ұрлап кеткен. Залал сомасы 2 млн теңгеден асады.
«Оқиға орнында жедел тексеру тобы жұмыс істеді. Топтың құрамында тәжірибелі полиция қызметкерлері, кинологтар болды. Жедел-іздестіру іс-шаралар нәтижесінде бір тәуліктің ішінде күдікті қолға түсті. Ол зардап шегушінің 18 жастағы ауылдасы болып шықты. Ұрланған қаражат заңды иесіне қайтарылды», - делінген ведомство хабарламасында.
Ұрлық фактісіне байланысты ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалған.