Ақмола облысында жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда Ақмола облысында 151 мыңнан астам жас тіркелген, олар облыс халқының 20 пайызын құрайды. Осы санаттағыларды қолдау үшін Көкшетау қаласында алғашқы жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.
«ХҚКО-да мамандар бірнеше бағыт бойынша кеңес береді. Олардың ішіндегі ең өзектісі-жұмысқа орналастыру, тұрғын үй сатып алу, мемлекеттік гранттар алу. Сонымен қатар, мұнда Интернетке шығатын барлық қажетті компьютерлік техникасы бар өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы бар, сондықтан келушілердің мемлекеттік және басқа да қызметтерді өз бетінше алу мүмкіндігі болады», - деп атап өтті облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Мәнсия Есекеева.
Орталық ашылған күні 20-дан астам жас өздерін толғандырған мәселелер бойынша мамандардан кеңес алды. «Отбасы банкі» қызметкерлері жастарға арналған депозиттік шот ашу және банктің өзекті бағдарламалары бойынша кеңес берді. Сонымен қатар жастарға психологиялық және заңгерлік көмек көрсетілді.
Айта кетсек, жастар халықтың қоғамдық белсенді топтарының бірі болып табылады. Сол себепті Қазақстанда жастарды әлеуметтендіру және жан жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалуда. Осы ретте кедергілерді сәтті еңсеру және мемлекеттік жастар саясатын іске асыру үшін еліміздің кейбір қалаларында жастарға қызмет көрсету орталықтары жұмыс істеуде.
Аслан Оспанов.