Ақмола облысында жеңіл көлік елікке соғылды: бір адам көз жұмды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Шортанды ауданында елікке соғылған жеңіл көлік аударылып, бір адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қыз метіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, жол апаты тамыздың 23-де сағат 22:00 шамасында «Пригородное-Жолымбет» автожолының 37 шақырымында болған. Анықталғандай, Шортанды кентінен Бектау ауылына бағыт алған 29 жастағы тұрғынның басқаруындағы «Lada Priora» көлігі жолдың үстіне шауып шыққан елікпен соқтығысқан.
Салдарынан көлік аударылып, 27 жастағы жолаушы (көлік жүргізушісінің әйелі) алған дене жарақтынан көз жұмды. Сонымен бірге, көлікте 2 жасар қыз бала болған, ол зардап шеккен жоқ.
«Қазіргі кезде, осы дерекке байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс қозғалып, сараптама тағайындалды», - деді ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында жаяу жүргіншіні соққан мотоциклист комада жатқандығын жазған едік.