Ақмола облысында жолда қалған 224 адам құтқарылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында қатты аяз бен боран кезінде жолда қалған 224 адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аумақтық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

Ведомствоның дерегі бойынша, 5 ақпанда құтқару жұмыстары Бурабай, Біржан сал, Жақсы, Атбасар, Шортанды, Ерейментау және Целиноград аудандары аумағында жүргізілді. Оған ТЖД жеке құрамынан 35 адам және 12 арнайы техникасы, жергілікті атқару органдарынан 6 адам және 3 техника, жергілікті полиция қызметінен 2 адам және 2 техника жұмылдырылған.

«Бурабай ауданы аумағында таңғы сағат 09:12 де «Астана-Петропавл» тас жолының бойында, яғни, Кенесары ауылынан 2 шақырым жерде бір жеңіл көлік қар құрсауынан шығарылды. Сол күні сағат 14:30 «Щучинск-Астана» тас жолының бойында «Екатеринбург - Сарыағаш» бағытында жүріп бара жатқан «Setra» автобусы істен шығып, 21 жолаушы (оның 14-і тәжікстандық, 4-і ресейлік, 3-і қазақстандық) қауіпсіз жерге жеткізілді. Ал сағат 15:45 те осы жолдың бойында «Түмен - Сарыағаш» бағытындағы жолаушылар автобусындағы 20 адамға (2 қазақстандық жүргізушіден басқа, жолаушылардың барлығы Тәжікстан және Өзбекстан азаматтары) көмек көрсетілді», деп көрсетілген ТЖД баспасөз хабарламасында.

Сонымен қатар, Біржан сал ауданы аумағында сағат 10:00 шамасында «Астана-Петропавл» тас жолының 167 шақырымында «Van hool» автобусы істен шыққаны туралы хабар түскен. Кейін анықталғандай «Сарыағаш-Екатеринбург» бағытындағы автобуста Өзбекстан Республикасының 40 азаматы мен 2 қазақстандық жүргізуші болды. Істен шыққан автобустағы жолаушылардың барлығы Қоғам ауылындағы орта мектепке жайғастырылып, ыстық тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етілді.

Ал, сағат 14:30 және 23:30 аралығында «Астана-Шідертті» тас жолының бойында барлығы 68 адам мен 10 техника құтқарылған.

Шортанды ауданы аумағында 14:41 шамасында «Астана-Петропавл» тас жолының 74 шақырымында жолда қалған 20 адамға көмек көрсетілді.

«Сонымен қатар, құтқару жұмыстары Атбасар, Целиноград, Ерейметау және Жақсы аудандары аумағында да жүргізілді. Жалпы, ауа-райына байланысты 224 адам және 12 техника құтқарылды. Адам шығыны мен зардап шеккендер тіркелген жоқ», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар