Ақмола облысында жолда қалған 40 адам құтқарылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жолда қалған 40 адам құтқарылды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұловқа сілтеме жасап хабарлайды.

Ақмола облысында жолда қалған 40 адам құтқарылды

Ағымдағы жылдың 24 наурызында түнгі сағат 01:26 шамасында Есіл ауданы аумағында «Жақсы-Есіл-Бұзулық» тас жолының жабылуына байланысты «Астана - Рудный» бағытындағы жолаушылар автобусында болған 26 жолаушы, оның 10 бала құтқарылды. Жолаушылар Есіл қаласындағы №7 агротехникалық колледжге жеткізілді.

«Құтқару жұмыстары аймақтық ТЖД жеке құрамынан 1 адам жəне 1 арнайы техника, жергілікті атқару органдарының 1 қызметкері мен техникасы жұмылдырылды», - деді Руслан Иманқұлов.

Сонымен қатар, ол Астрахань ауданы аумағында «Екатеринбург -Алматы»  тас жолының жабылуына  байланысты «Астана-Старый Колутон» бағытында жүретін «Газель» жолаушылар шағын автобусы 14 жолаушысымен қауіпсіз жерге (№4 Жалтыр ОМ) жеткізілгенін де атап өтті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, синоптиктер 23-24 наурыз күндері Ақмола облысы аумағында көктайғақ, қатты жел болатындығы туралы ескерткен болатын.