16:39, 05 Ақпан 2019 | GMT +5
Ақмола облысында жолда қалған Өзбекстанның 43 азаматы құтқарылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы аумағында жолда қалған Өзбекстан Республикасының 43 азаматы құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегі бойынша, ақпанның 5-де Біржан сал аудандық полиция бөліміне «Астана-Петропавл» тас жолының 164 шақырымында, яғни, Қаратал және Қоғам ауылы арасында жолаушылар автобусының істен шыққаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына құтқару қызметі және полиция қызметкерлері жіберілген.
«Анықталғандай «Сарыағаш-Екатеринбург» бағытындағы автобуста Өзбекстан Республикасының 43 азаматы болды. Істен шыққан автобустағы жолаушылардың барлығы Қоғам ауылындағы орта мектепке жайғастырылып, ыстық тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етілді», деп көрсетілген ПД баспасөз хабарламасында.