Ақмола облысындағы ешкі фермасы биыл алғашқы өнімін саудаға шығармақ
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Целиноград ауданында 5000 ешкіге арналған сүтті тауарлы ферма биылғы жылы алғашқы өнімін саудаға шығармақ. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Сергей Кулагиннің аталған өңірге жұмыс сапары барысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қажымұқан ауылында қолға алынған ешкі сүтін өндіретін кәсіпорын өткен жылы іске қосылған болатын. Тың жобаны «Зеренда» асыл тұқымды шаруашылық» ЖШС-нің директоры Хамит Фаезов пен құрылтайшысы Ермек Лұқпанов жүзеге асырып отыр.
Хамит Фаезовтың айтуынша, барлығы осыдан үш-төрт жыл бұрын басталған болатын. Сол кезде ол өзінің әріптесі Ермек Лұқпановпен ақылдаса келе, Астананың іргесінде ешкі сүтін өндіруді қолға алуды шешеді. Алдарына нақты міндет қойған олар алдымен аталған өндірістің пайдасы мен зияны жөнінде зерттеп біледі. Тіпті осы мақсатта Еуропаға Израильге барып, сол жақтағы шаруалардың тәжірибесін де көзбен көрген.
«Қазіргі кезде, іс ілгері жылжып, негізгі сүт цехы, 72 ешкіге арналған сауын алаңы және жылдық қуаты 4 мың тонна сүт зауыты салынған. 344 бас ешкіміз бар. Алдағы уақытта кəсіпорын толық қуатына шыққан кезде төл басын 5000-ға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл асыл тұқымды ешкілерден жылына 800 және 1200 литрге дейін сүт алуға болады. Одан сүт, ірімшік жəне иогурт тəрізді 12 түрлі сүт өнімін шығаратын боламыз. Алынған өнімді осында өңдеп, шетелге экспортқа шығару жоспарда бар. Қазірдің өзінде Италия және Қытай елдері болашақта бізден шығарылатын сүтке қызығушылық танытып отыр», - дейді Хамит Фаезов.
