Ақмола облысындағы көлік оқиғасы: Прокурор қызметінен босатылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында адам өліміне әкеліп соқтырған жол көлік оқиғасына қатысы бар күдіктіні қамаудан босату туралы қаулы шығарған прокурор қызметінен босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Ақмола облысындағы көлік оқиғасы: Прокурор қызметінен босатылды

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 8 сәуірінде Атбасар қаласында Toyota Land Cruiser көлігінің 31 жастағы жүргізушісі жолдың шетінде кетіп бара жатқан екі жүргіншіні қағып кетті. Оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші бір тәуліктің ішінде қолға түскен еді.

Алайда, сол кезде Атбасар ауданы прокурорының қаулысымен күдікті уақытша ұстау изолаторынан босатылды. Бұдан кейін Атбасар аудандық сотының үкімімен күдікті екі айға уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылды. Кейін қорғаушылар мен зардап шеккен тараптың арызы бойынша Ақмола облыстық соты Атбасар аудандық сотының қаулысын өзгертіп, күдіктіні 2 ай бойы үйқамақта ұстау туралы шарасын тағайындады.

Осы оқиғаға байланысты, яғни, адам өліміне себепкер жүргізушіні қамаудан босатуға қаулы шығарған Атбасар ауданы прокурорына қатысты ҚР Бас прокуратурасы қызметтік тексеріс жүргізіп, оның қызметінен босатудың себебін айтқан болатын. 

«Қызметтік тергеу нәтижесі бойынша аудан прокуроры қызметінен босатылды, Ол адам өліміне әкеліп соқтырған жол көлік оқиғасына қатысты қылмыстық істі тергеуді тиісті деңгейде қадағаламаған», - деп түсіндірді Ақмола облысының прокуратурасы ҚР Бас прокуратурасының тексеріс қорытындысына қатысты.