Ақмола облысындағы репродуктор «SC Food» ЖШС толық қуатына шықты
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Ақкөл ауданында асыл тұқымды мал шаруашылығы (репродукторлар) желісін құру бағытында қолға алынған «SC Food» ЖШС толық қуатына шықты.
Бұл туралы бүгін аймақ басшысы Сергей Кулагиннің ауданға жұмыс сапары барысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
"SC Food» мал шаруашылығы кешені 2011 жылдың соңында құрылып, өзінің жұмысын «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасының шеңберінде жүзеге асырып келеді. Бұл Азат ауылында орналасқан 2400 басқа арналаған репродуктор болып табылады.
Қазіргі кезде мұнда 2400 ірі қараны бағуда. Шаруашылықтың 50 мың гектарға жуық жері бар. Оның 33 гектары шабындық та, қалғаны мал жайылымы.
«Абердин Ангус» тұқымды асыл тұқымды малдың бірінші легі осыдан 5-6 жыл бұрын (1000 бас) АҚШ және Австралиядан әкелінді.
Осы күні бұл малдар Арқаны жерсініп үлгерді. Шаруашылық жыл сайын орташа алғанда 100 бас асыл тұқымды ірі қара малды Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай жəне Қарағанды облыстарындағы шаруашылықтарға тірідей сатуда.
«SC Food» ЖШС-ның бас директоры Мақсұт Бақтыбаев атап өткендей: «Бүгінгі күні елімізде «ангус» тұқымын өсіретін санаулы шаруашылық қана бар. Біздің мақсатымыз - олардың санын арттыру. Себебі «ангус» тұқымы солтүстік климатқа бейім, өсімтал. Әрі оның еті әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие».
Сонымен қатар, шаруашылық меншігіндегі ірі қараға қажетті бір жарым жылдық жемшөп қоры жеткілікті мөлшерде әзірленген. Бүгінде мал күтімімен 50-қа жуық адам айналысады. Олардың барлығы дерлік жергілікті тұрғындар.