Ақмола облысындағы соттардың ғимаратына екі ай бұрын «бомба қойған» адам анықталды
Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі ай бойы полиция қызметкерлері жалған хабар берген адамды анықтауға бағытталған жедел–іздестіру іс-шараларын өткізді.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері күдіктіні анықтады, ол Батыс Қазақстан облысы ауылдарының бірінің 15 жастағы тұрғыны болып шықты. Алғашқы тергеу әрекеттері барысында жедел уәкілдер жалған хабарламалар жіберілген компьютерді тәркіледі. Қазіргі уақытта полиция жасөспірімді осы қылмысты жасауға итермелеген жағдайларды анықтауда», - деді ведомстводан.
Еске сала кетсек, биылғы жылғы маусымның 28-інде Ақмола облысының Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының (Потанин көшесі 47) және Көкшетау қалалық сотының (Сәтпаев көшесі 8) хатшысының электрондық мекенжайына жарылғыш құрылғылар салынғаны туралы хабарлама түскен болатын. Осыған ұқсас мәтіндік хабарлама өңірлік жаңалықтар порталдарының бірінің бас редакторының атына да жіберілген.
Оқиға орнына дереу полиция департаментінің бөлімшелері және басқа да шұғыл қызметтер жіберілді. Аталған әкімшілік ғимараттар мен оған іргелес жатқан аумақ патрульдік полиция батальонының күшімен қоршалып, қызметкерлер мен келушілер эвакуацияланды, азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
Полиция департаментінің жарылыс техниктері мен кинологтары сот ғимараттары мен редакцияларын зерттеп шықты. Тексеру нәтижелері бойынша жарылғыш құрылғылар табылмады. Сонымен бірге, осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 273-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу қолға алынған еді.