Ақмола облысындағы түзеу мекемесінде мерт болған адамның өлімінің себептері анықталуда - Бас прокуратура

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселеге байланысты облыстық прокуратура мен қылмыстық атқару жүйесінің басшылары журналистермен арнайы брифинг өткізді. Қазіргі таңда түзеу колониясында тәртіп орнатылды. Кеше, түнгі 22.00 шамасында құқық қорғау органдары колонияда тәртіп орнату үшін арнайы операция жүргізді. «Бүгінгі күні ол жерде ішкі істер органдары 2 қылмыстық іс қозғады. Ол түзеу колониясының басшылығының заңды талаптарына бағынбау және сотталғандардың дене жарақаттарын салумен байланысты болып отыр.
Сондай-ақ осы оқиғаға орай арнайы тергеу тобы құрылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде, деді ресми өкіл.
Оның сөзіне қарағанда, тамыздың 9 мен 11 аралығында оқиға болған жерде 102 сотталған адам түрлі жарақаттар алып, олардың барлығына толық медициналық көмек көрсетілді. «Сондай-ақ, колонияның маңында бір адамның мәйіті табылды. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол өзін-өзі өртеп жіберген. Дегенмен кісі өліміне байланысты тергеу жұмыстары жалғасуда. Осы кезде емдеу орындарында 42 сотталған ем қабылдауда. Қалғандары жазасын өтеуді жалғастырып жатыр», деді ресми өкіл.