Ақмола облысындағы желдің салдарынан бірқатар әлеуметтік нысандар жарықсыз қалды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Есіл ауданы аумағында болған қатты желден бірқатар әлеуметтік нысандарға залал келді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
ТЖД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың 3-ші маусымы күні аудан аумағында жылдамдығы 24-25 м/с жел тұрған. Соның салдарынан Есіл қаласындағы аудандық аурухананың 80 шаршы метр шатыры, 3 қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің 20 ш.м. шатыры, № 1 орта мектептің 40 ш.м. метр шатыры, «Балбөбек» балабақшасының 200 ш.м шатыры, аудандық білім бөлімі ғимаратының 100 ш.м шатырын және жекеменшік 5 үйдің шатырын жел ұшырып әкеткен.
Оған қоса, Знаменка ауылындағы орта мектептің 800 ш.м шатырын ұшырса, Ақсай ауылындағы «Сұлтан» дәмханасының 120 ш.м шатыры жұлынып түсті.
«Жалпы, дауылдан 12 нысанға залал келген. Электр қуатын тарататын желінің істен шығуына байланысты Есіл қаласы, Ақсай және Қаракөл ауылдарының тұрғындары жарықсыз қалды.
Сонымен қатар, басына шифер құлаған 1967 жылғы келіншек Есіл аудандық ауруханасына жатқызылды.
Қазіргі кезде, Есіл аудандық әкімдігінде жедел штаб құрылып, «РЭС» АҚ апаттың алдын алу бригадасымен электр желісі қалпына келтірілді», деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер.