Ақмола облысының әкімі Астананың құрдастарымен кездесті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Астана күні қарсаңында елорданың құрдастарымен және бас қаланың құрылысына, әсем сәулетінің бой көтеруіне, оның дамуына үлес қосқан азаматтармен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ақмола облысының әкімі Астананың құрдастарымен кездесті

Жылы жүздесуде аймақ басшысы жастарды айтулы мерекемен құттықтады.

"Қазір бас қалада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі де әлем халқын таңдай қақтыруда. Бұл жетістіктерге біздің өңір азаматтарының қосқан үлесі зор екендігін ұмытпауымыз керек", -деп атап өткен өңір басшысы, бас қаланың облыс үшін маңыздылығы мен беделіне тоқталды. Зәулім ғимараттармен көздің жауын алатын Астананың сәулетіне біздің облыс құрылысшыларының да еңбегі орасан екендігін ерекше атап өтті.

"Астанаға 2008 жылы жұмыс бабымен келгенде Есілдің сол жақ жағалауында «Бәйтерек» пен «Ақордадан» басқа ештеңе болмаған-ды. Оны осыншалық тез арада көркейіп кетеді деп ойламаған едік. Қазір араға екі-үш апта салып барсаң, жаңа бір ғимараттың бой көтеріп жатқанын көресің. Сапар сайын таңғаласың. Осының барлығы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бақылауымен жүзеге асып жатқан жетістіктер", - деді аймақ басшысы.
null

Бұдан әрі Астана қаласының құрылысына өз үлестерін қосқан Арғын Аузаров, Жұмабай Әміржанов секілді азаматтар сөз сөйлеп, бас қаланың олардың өмірінде алған орны, өз салалары бойынша оның дамуына қосқан үлестері жайында айтып берді.