Ақмола облысының әкімі Қояндыда жер телімдерінің заңсыз таратылуына жол бергендерді атады
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Астананың іргесіндегі Қоянды ауылында жер телімдерінің заңсыз таратылуына ауыл әкімі, учаскелік инспекторлар жол берген. Бұл туралы бүгін «2016 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2017 жылдың негізгі міндеттері» туралы халық алдында есептік кездесуінде облыс әкімі Сергей Кулагин мәлімет етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Аймақ басшысының айтуынша, заңсыздыққа жол беріп, алаяқтық жасағандардың барлығы тиісті жазасын алып отыр.
«Бұл өте күрделі мәселе болды. Ауыл әкімі, учаскелік инспекторлар жер телімдерінің заңсыз таратылуына жол берген. Бірақ, біз халықтың жағдайын түсініп, 190 отбасына сол жер телімдерін қалдырдық. Бес отбасының мәселесі әлі шешіле қойылған жоқ. Бұған жол берген кінәлілер заң алдында жауап берді», - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Астананың іргесіндегі елдімекендерді кешенді дамыту жоспары аясында 20 жобаны жүзеге асыру үшін 5,7 миллард теңге бөлінгенін атап өтті. Оның ішінде Максимовка ауылында мектеп құрылысы, жеті елдімекенде құрылыс және жол инфрақұрылымын күрделі жөндеу, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ, Целиноград, Шортанды және Аршалы аудандарындағы сегіз ауылда электрмен жабдықтау нысандарының құрылысы қарастырылған.