Ақмола облысының әкімі журналистерге берген уəдесін орындады
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкiмi Мәлiк Мырзалин жұмыс сапарымен Целиноград ауданының Қараөткел ауылында болып, әлеуметтiк нысандарды аралап көрді.
Сондай-ақ, ауылдың алдағы даму жоспарымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі əкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Естерiңiзге сала кетейiк, осыдан бiр апта бұрын Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметi алаңында болған баспасөз мәслихаты барысында аймақ басшысы Мәлiк Мырзалин журналистердiң Қараөткел ауылына қатысты қойған сауалдарына, елдi мекендегi ахуалды арнайы барып көремiн деп уəдесін берген болатын.
Астана iргесiнде орналасқан бұл ауылда бүгiнгi таңда 20 мыңнан астам адам тұрады. Қараөткелде 7 жеке балабақша, 2 мектеп, дәрiгерлiк амбулатория жұмыс істейді. Астана айналасындағы ауылдардың әлеуметтiк-экономикалық дамуы кешендi жоспарының 1 кезеңi бойынша мұнда 1200 орындық жаңа мектеп, сумен қамтамасыз ету мақсатында су қорын барлау жұмыстары жүргiзiлiп, ауыл iшiнде су құбыры тартылып, 2 резервуар мен бас жоспарға өзгерiстер енгiзiлген.
Даму жоспарының екiншi кезеңi бойынша мұнда ауылды сумен қамтамасыз ететiн Сабынды-Ақмол су таратқышын қайта құру жобасы әзiрленген. Ендiгі арада осы жобаға сәйкес су таратқыш стансада күрделi жөндеу жұмыстары мен сумен қамтамасыз ету жүйелерінің құрылысын жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, алдағы уақытта мұнда 2 балабақша, ауылiшiлiк 96 шақырым жолдың құрылысы көзделген. Аймақ басшысы Қараөткелдiң алдағы жоспарымен танысып, жолдар жөндеуге арналған жобалық құжатты әзiрлеу жұмысын жеделдетiп, құрылыс жұмыстарын келесi жылдың көктемiнде бастауды тапсырды. Ал, қажеттi әлеуметтiк нысандарды мемлекеттiк -жекешелік әріптестік арқылы инвестиция тартып шешудi жүктедi.
Сондай ақ облыс әкiмi, Астана iргесiнде орналасқан аудан әкiмдерi мен жауапты облыстық басқарма басшыларына журналистер үшін баспасөз мәслихатын өткiзiп тұруды жүктедi.
«Бұл шара, тұрғындардың түйткiлдi сұрақтарына жауап берiп әрi халықтың жергiлiктi атқарушы органдардың жұмысымен танысуға септiгiн тигiзедi», -дедi Мәлiк Мырзалин.
Аймақ басшысы ауылда 2010 жылы ашылған «Ақжелкен» бала бақшасы мен жергiлiктi мектепте болды. Дәрiгерлiк амбулатория жұмысымен де танысты.