Ақмола облысының Аршалы ауданында төтенше жағдай жарияланды
«Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның кезектен тыс шұғыл отырысының 2022 жылғы 10 қарашадағы № 10 хаттамасы негізінде Аршалы ауданының аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялансын», - делінген шешімде.
Ақмола облысы әкімдігінің ақпаратына сай, 9 қазанда Аршалы ауданы жарықсыз қалған. Оған Астана қаласындағы 2-ші жылу электр орталығында тіркелген апат себеп болған.
«9 қарашада сағат 4:00 шамасында Астана қаласының 2-ЖЭО-дағы апатқа байланысты Аршалы ауданы аумағындағы негізгі электр желісі токтан ажыратылды. Резервтік желіні қосқаннан кейін Аршалы кентінің қазандықтарының орталық сорғылары өртеніп, істен шыққаны анықталды.
9 қарашада сағат 21:00-де Жібек жолы ауылдық округінде 6 тереңнен су сору құрылғысының жұмысы қалпына келтірілді. Халыққа су беру 10 қарашада сағат 5:00-де қалпына келтірілді. 11 қарашада тағы 2 тереңдік сорғы құрылғысы орнатылды», - деп мәлімдеді құзырлы органның баспасөз қызметінен.
Әкімдіктің дерегінше, Аршалы кентіндегі сорғы станцияларының жұмысы 9 қарашада сағат 12:00-де қалпына келтірілген. Ал, тұрғын үйлерге жылу сағат шамамен 13:00-де беріле бастаған.
Айта кетейік, төтенше жағдай режимі апаттың салдарын жою үшін енгізіліп отыр.