Ақмола облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесінде ең үлкен бауырсақ пісіріледі

АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат - Демалыс күндері Астана қаласының орталық алаңында Ақмола облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді, онда «Бауырсақтар фестивалі» театрландырылған шоу бағдарламасы аясында ең үлкен бауырсақ пісірілмек. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан хабарлады.

Ақмола облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесінде ең үлкен бауырсақ пісіріледі

«Ақмола облысы жәрмеңкеге 110 млн. теңгенің 450 тонна өнімін әкеледі», - делінген хабарламада. Өнімнің 100 астам түрі сатылатын болады. Атап айтқанда, 100 тонна ет пен ет өнімдері, соның ішінде 35 тонна сиыр еті, 13 тонна қой еті, 11 тонна шошқа еті, 13 тонна жылқы еті, 5 тонна құс еті, 18 тонна шұжық, сүрленген өнімдер мен субөнімдер, 16 тонна сүт және сүт өнімдері, 180 мың дана жұмыртқа, 40 тонна балық, 5,6 тонна нан өнімдері, 54 тонна ұн, 115 тонна картоп, сонымен қатар, кондитерлік өнімдер, бал мен жидектер тосабы.

Өнімдерді сату үшін алаңға 100 шатыр орнатылып, 200 сауда орны ашылады. Бұдан басқа, бағдарламада экологиялық таза өнімдердің «ТОП-10» көрмесі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, халықтық қолөнер тауарлары сатылады. Жәрмеңке барысында келушілерге тегін тағам таратылып, лотерея ойнатылады. Әрбір 100-ші сатып алушыға сыйлық беріледі. Ақмола облысының үздік шығармашылық ұжымдары мен әртістері елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған концерттік бағдарлама ұсынады.