Ақмола облысының азаматтық қорғаныс жүйесi «күнделiктi қызмет» режимiне көшiрiлді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының азаматтық қорғаныс жүйесiнiң жұмысы «жоғары дайындық» режимiнен «күнделiктi қызмет» режимiне көшiрiлді. 2018 жылғы су тасқыны кезеңiн талдаған облыстық жедел штаб осындай шешiм қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облысының азаматтық қорғаныс жүйесi «күнделiктi қызмет» режимiне көшiрiлді

Әкімдіктегілердің дерегі бойынша, ағымдағы жылы өңiрдегi су тасқыны топырақтың қату тереңдiгi жоғары болғандықтан өткен жылғыдан жеңiл болған жоқ.

Су тасқыны басталғанға дейiн 9 ауданда 18 мың шаршы метр аумақта мұз қабатын жұмсарту мен мұздың құрылымын бұзу үшiн жарылыс жұмыстарын жүргiзу толық аяқталды. Атбасар, Аршалы, Бұланды, Целиноград, Сандықтау аудандарында мұз кептелiстерiн жою үшiн қосымша жарылыс жұмыстары жүргiзiлдi.

Автомобиль жолдары мен темiр жолдарда су өткiзу нысандарын, көпiрлердi қар мен мұздан тазарту жүргiзiлдi, борандар мен дауылдарға байланысты бұл жұмыстар бiрнеше рет жүргiзiлдi.

19 наурыздан бастап облыстың азаматтық қорғаныс жүйесi «жоғары дайындық» режимiне көшiрiлдi, өзендердiң қауiптi учаскелерi мен гидротехникалық нысандарда судың жағдайы мен деңгейiн бақылау үшiн 100-ге жуық бекеттерде тәулiк бойы кезекшiлiк ұйымдастырылды.
Өткен жылдардың су тасқындарын ескере отырып су басу қаупi бар елдi мекендердi инженерлiк қорғау бойынша превентивтi iс-шаралар алдын ала жүргiзiлдi.

Мысалы, елiмiздiң су тасқыны ең қауiптi ауданы - Атбасарда - сәуiрдiң 13-iнен 14-не қараған түнде су тасқыны шыңына жеттi.

Казгидрометтiң деректерi бойынша, биылғы көктемде Жабай өзенi суының көтерiлу деңгейi 687 сантиметрді құрады, ал қауiптi деңгей - 650. Барлық қызметтердiң жұмылдырылған жұмысы су басуды тоқтатуға мүмкiндiк бердi. Күзгi-қысқы кезеңде мұнда жер жалын қалпына келтiру және нығайту, темiржол мен көпiр бойында Жабай өзенiнiң жағалауы мен арнасын тазалау жұмыстары жүргiзiлген. Су өткiзу мүмкiндiгiн арттыру және тасқын суды апатсыз өткiзудi қамтамасыз ету үшiн Жабай өзенiнiң ескi арнасы да тазаланған.

Осындай жұмыстар Селетi, Нұра, Есiл, Жабай, Колутон өзендерiнiң бойында орналасқан елдi мекендерде де жүргiзiлдi.

Ерiген қар суының асуы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың бiрқатар учаскелерiнде байқалды. Жол қызметтерi жол жабыны учаскелерiн 1 мамырға дейiн қалпына келтiру бойынша жөндеу жұмыстарын аяқтайды.

«Су қоймаларынан көп су жiберу туралы алдын ала хабарландыру мақсатында штаб Қазсу шаруашылығының Ақмола және Қарағанды облыстары бойынша филиалдарымен тұрақты түрде жедел ақпарат алмасып отырды, облыстың iрi су қоймаларының жұмыс кестесi ерiген қар суының келуi, апатсыз жағдайды және өзен арналарының су өткiзу мүмкiндiктерiн ескерiп су жiберу бойынша жасалды.

Нақты гидрологиялық көрсеткiштердi анықтау үшiн, Казгидрометтiң филиалы мен ТЖД-мен бiрлесе отырып ақпан-сәуiр айлары аралығында Жабай өзенi бойынша экспедициялық шолулар өткiзiлiп тұрды, елдi мекендердi су басу қаупiнiң деңгейiн болжауға мүмкiндiк беретiн ғарыштық түсiрiлiмдердi бақылау жүргiзiлдi. 17 мыңға жуық аула араланып, түсiндіру жұмыстарымен қамтылды, халықтың арасында 200-ден астам жиналыстар мен рейдтер өткiзiлдi. Бұқаралық ақпарат құралдары мен кең таралған әлеуметтiк желiлерде дауылдық ескертулер, хабарландырулар және су басқан жағдайдағы тәртiп ережелерi жарияланып тұрды.

Су тасқыны кезеңiне өңiрлерде 362 тонна жана-жағармай, 16,7 мың тонна инерттi материалдар және 120,6 мың қап дайындалды. Облыстың елдi мекендерiнен 385 мың текше метр қар шығарылды. Облыс бойынша су басуға жол бермеу мақсатында 140 мың текше метр су ағызылды.

Алдын ала жүргiзiлген превентивтi iс-шаралардың арқасында елдi мекендердi су басуына жол берiлген жоқ. Бүгiнгi таңда су тасқыны кезеңiн өткеру облыстың барлық аудандарында сәттi аяқталды»,- деп көрсетілген хабарламада.