Ақмола облысының барлық дерлік ауданында сабақтар болған жоқ
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында қатты жел мен ақтүтек боранның салдарынан бірқатар ауданда сабақтар тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық білім басқармасының дерегі бойынша, Бұланды, Бурабай, Есіл, Еңбекшілдер, Зеренді, Сандықтау аудандары, Степногор және Көкшетау қалаларында бірінші ауысымда оқитын балалар үшін сабақ кестесіне өзгерістер енгізілген жоқ, ал қалған 11 ауданда оқулар тоқтатылды. Сондай-ақ Есіл, Жарқайың және Бұланды аудандарын есепке алмағанда, өзге аудандардың барлығында екінші ауысымда оқитын оқушылар үшін сабақ болған жоқ.
12 қаңтар күнгі оқу процесіне қатысты ақпарат тек ертең таңертең ғана белгілі болады.
Дегенмен, білім басқармасының сайтында қандай жағдай сабақ болмайтыны көрсетілген: «Білім беру мекемелерінде сабақ келесі жағдайда кейінге шегеріледі. Ауа температурасы 25 градустан төмен және желдің жылдамдығы секудына 2 метр немесе одан жоғары болған жағдайда 1-4 сыныптарға. 27 градустан төмен және желдің жылдамдығы секундына 2 метр немесе одан жоғары болған жағдайда 1-9 сыныптарға, 30 градустан төмен және желдің жылдамдығы секундына 2 метр немесе одан жоғары болған жағдайда 1-11 (12) сыныптарға, кәсіби мектептер (лицей), колледждің 1-курс студенттеріне, сондай-ақ желдің жылдамдығы секундына 2 метрден асып, ауа температурасының көрсеткіші 5 градустан төмен түссе кейінге шегеріледі».