23:16, 07 Ақпан 2019 | GMT +5
Ақмола облысының барлық мектептерінде ертең де сабақ болмайды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - 8 ақпан күні қатты аязға байланысты Ақмола облысы аумағындағы барлық мектептерде сабақ болмайды. Бұл туралы аймақтық Төтенше жағдайлар департаментінің 112 телефон нөмірі арқылы смс хабарлама таратылды.

ТЖД таратқан мəліметке қарағанда, ертең облыс аумағында минус 35-40 градус аяз болады.
Айта кетейік, соңғы бірнеше күннен бері үскірік аязға байланысты бірқатар өңірде мектептер мен колледждерде оқулар тоқтатылды. Мәселен, бүгін Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласында сабақтар болған жоқ.
Елордада ертең, 8 ақпан күні бірінші ауысымдағы 0-11 (12) сынып оқушылары және колледждердің 1-2 курс студенттері тағы оқымайды.