Ақмола облысының Бурабай ауданында жаңа мешіт ашылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Құрбан айт қарсаңында Ақмола облысының Бурабай ауданында жаңа мешіт ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Кенесары ауылында ашылған мешіттің имамы Жасұлан Ертехалықтың айтуынша, ғимарат он бес айда салынып бітіпті. 1700-дей тұрғыны бар ауылдық округтің аумағында тұратын мыңға тарта иісі мұсылман қауым мешіт құрылысына қолдан келген көмектерін көрсетіпті. Жаңа мешіт түгелдей халықтың өз қалтасынан шығарған қаржысына салынған. Үш бөліктен тұратын мешіттің ерлер намаз оқитын негізгі үлкен залына жүзге тарта адам сиятын болса, әйелдер бөлмесі отыз адамға шақталған. Одан басқа жуынып, дәрет алатын орын бар.
null

Жаңа мешіттің ашылу салтанатына қатысқан Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Мәлике Нұрханова кенесарылықтарды мұсылман қауымы үшін ұлық мереке саналатын - Құрбан айтымен құттықтап, жаңа мешіт құт-берке әкелсін деген ақ тілегін білдірді.
null

Жаңа мешіттің лентасын ҚМДБ-ның Ақмола облысындағы өкілі, Науан хазірет мешітінің имамы Қуаныш Сәбит облыстың өкіл имамы қиды. Жұрттың алдында мешіт имамы уағыз айтып, алғашқы намаз оқылды. Бұдан кейін ауылдағы дәмханада әруақтарға арнап үлкен ас берілді.

Айта кетерлігі, Кенесары ауылында мешіт жанынан таяу болашақта мұсылман дәмханасы да салынбақшы.

Соңғы жаңалықтар