Ақмола облысының Ерейментау ауданында қуаты 300 МВт болатын жел электр стансасы іске қосылады
АСТАНА. ҚазАҚпарат - Ақмола облысында үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында биыл жыл аяғында жаңа жел электр стансасы іске қосылады. Бұл туралы Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдіктің мәліметінше, жобаның жалпы құны 17 млрд. 688 млн. теңгені құрайды. Бүгінгі күні өндіріс орны бой көтеретін жерде стансаның іргетасы қаланып, 19,5 шақырым техникалық жол салынған. Сондай-ақ, қажетті нысандардың секциясы мен қоймалар жасалған. Жел электр стансасының алғашында өндіретін электр қуаты 45 МВт-тан басталып, кейін 300 МВт-қа дейін жеткізілетін болады.
Сонымен қатар, ауданда желден электр энергиясын өндіретін тағы бір жоба іске қосылады. Бүгінгі таңда оны «ШевронМұнайГаз Инк» компаниясы жасап жатыр. Жылына 30-50 МВт электр қуатын өндіретін жобаның жалпы құны 35 млрд. 777 млн. теңгені құрайды. Жасыл экономикаға негізделген бұл нысан 2017 жылы іске қосылады деп жоспарлануда.