Ақмола облысының Макинск қаласында жаңа жылу қазандығы салынады
Ведомствоның мәліметінше, жылу қазандығының құрылыс жобасы аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың қолдауымен жүзеге асырылмақ.
«Жобаның құны - 2 миллиард теңге. Қаржы болмаған соң бұл жобаны толық жүзеге асыру мүмкіндігі болмады. Бүгінгі таңда бюджеттен қаржы түсе бастады. Сол себепті, жоба жүзеге асырылатын болып отыр. Сондай-ақ, қазандықты отын үнемдеу түріне ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл қаланың жылу жүйесі үшін дотация көлемін кемітуге мүмкіндік береді», - дейді ведомстводан.
Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан атап өткендей, бұдан бөлек, Макинск қаласында тағы бір блок-модульді қазандық салынады. Бұл туралы аймақ басшысы Ермек Маржықпаев Бұланды ауданының әкімдігі мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына тапсырма берді.
«Жылу қазандығы қала ортасындағы ондаған көпқабатты тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтуға қауқарлы. Аудан әкімдігінің дерегінше, 2020-2021 жылдардағы жылу маусымына дейін жаңа қазандық салынып болады», - деп толықтырды ведомстводан.