Ақмола облысының тұрғынын асқан айуандықпен өлтірген қанішерлер ұсталды
Аталған облыстың Қима ауылының 47 жасар тұрғынын баскесерлер айуандықпен өлтіріп, онымен бірге тұрып жатқан пошта байланысы бөлімінің бастығы болып істейтін әйел азаматшаны да өлермен етіп соққыға жыққан. Бұл оқиға жөнінде бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның мәліметтеріне қарағанда, қылмыскерлер қанішерлік әрекеттерінен кейін осы аймақтағы «Қазпошта» акционерлік қоғамының филиалын тонамақ болған.
Қ.Жұманов сонымен қатар өткен аптада алматылық тәртіп сақшыларының осы аймақтағы «Ақжолқұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қарауылын тонау мақсатында буындырып өлтірген Шымкент қаласының 5 тұрғыны мен 2 Өзбекстан азаматын ұстағандығын атап көрсетті.