Ақмола облысының Жібек жолы ауылында жаңа балабақша ашылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында 35 балаға арналған «Айым-2019» балабақшасы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақмола облысы білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, мектепке дейінгі мекемеде балалар екі топқа бөлініп, мемлекеттік тілде білім алады. Жалпы, 35 орынға шақталған балабақшада баланың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Жатын бөлме, спортзал, ойын бөлмелері мен асханасы бар. Негізгі тәрбиешілерден бөлек, балалармен ағылшын тілі және хореография мұғалімдері жұмыс істейді, таэквондомен айналысуға мүмкіндік бар.
«Біз Жібек жолы ауылында дәл осы балабақшаның ашылғанына өте қуаныштымыз. Менің балам логопедке барады. Сонымен бірге, мұнда Монтессори мен Воскобовичтің әдістемесі де қолданылады. Осы арқылы балаларымыздың өзін-өзі дамытуға ынталанып, шығармашылық әлеуетін қалыптастыруға мүмкіндігі бар», - дейді балабақша тәрбиеленушісінің анасы Гүлзат Терекбаева.
Айта кетсек, бүгінгі таңда Ақмола облысында барлығы 600 мектепке дейінгі ұйым, оның ішінде 255 балабақша мен 345 шағын орталық жұмыс істейді.
