Ақмола педагогтарына Оксфорд баспасының сертификаттары тапсырылды
Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Көкшетау қаласында ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған "Ағылшын тілін оқытуда оқытудың заманауи әдістерін және жаңа оқыту ресурстарын қолдану» тақырыбында тренингтік курс өткізілді.
Оған облыстың əр өңірінен жиналған 80 жуық ағылшын тілінің мұғалімдері қатысты. Тренигті «Oxford University Press» баспа үйінің халықаралық дәріскер Пол Вудфолл жүргізді.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, аталған іс-шараның мақсаты - 2017-2018 оқу жылы білім беру процесіне енгізілген English Plus KZ edition Oxford University Press баспасының 5 және 7 сыныптарға арналған жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқыту тренингтерін өткізу, сонымен қатар Ақмола облысының ағылшын тілі мұғалімдерін оқытудың жаңа технологиялармен және әдістемесімен таныстыру. «Oxford University Press» баспа үйінің ресми өкілі «InterPress» әдістемелік-кеңес беру орталығы Ақмола облысы білім басқармасының қолдауымен осымен екінші рет өңір мұғалімдеріне шеберлік сыныбын өткізуде.
"Педагогтармен өте тиімді тренинг өтті. Барлығы белсенді болғандықтан, аудиториямен жұмыс істеу ыңғайлы. Мұғалімдерге тапсырмалар мен жаттығулар бердім және олар оны ойдағыдай орындады. Ақмола педагогтарының жоғары кәсібилігін атап өткім келеді. Тренинг соңында педагогтардан алынған білімдерін тәжірибеде қолдана ма екенін сұрап едім, оған нақты және көп мәрте иә деген жауап алдым", - деді Пол Вудфолл.