Ақмола полицейлері мыңнан астам көлік жүргізушісіне көмек көрсетті
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облыстық полиция департаментінің қызметкерлері боранда жолда қалған жүргізушілерге көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, соңғы күндері облыс жолдарында ауа райының қолайсыздығынан туындаған күрделі жағдай сақталды. Барлық бағыттағы жолдарда қозғалыс жабылды. Аумақтық полиция департаментінің қызметкерлері ауа райының нашарлауына байланысты жол-көлік оқиғаларына жол бермеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады. Тәртіп сақшылары көктайғақ пен боран жағдайында жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, автокөлік иелеріне межелі жерге жетуге көмектесті.
Патрульдік полиция ротасының 5 экипажы 1203 автокөліктен тұратын автоколоннаның қозғалысын қамтамасыз етті, оның 923 - жеңіл және 280 - ауыр жүк көлігі.
«Сонымен бірге, облыс аумағында 80 қызметкерден тұратын 38 мобильді бекет және 38 бірлік патрульдік автокөлік қойылды, олар елді мекендерден және республикалық маңызы бар автожолдардан шығу кезінде қызмет атқарды», - деп атап өтті Жергілікті полиция қызметінің бастығы Серік Баймұқанов.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге жолға шыққанда сақ болуды, сондай-ақ, ауа-райының құбылысына назар аударып, дауылды ескертулерге құлақ асуға, жолда қиын жағдайға тап болған кезде дереу 102 телефонына хабарлауды сұрайды.
Ал, облыстық ТЖД баспасөз қызметінен атап өткендей, боран мен көктайғақтың салдарынан «Алматы-Екатеринбор» тас жолының 931 шақырымында Нұр-Сұлтан қаласынан Польшаға жол жүріп бара жатқан Беларусь азаматының «DAF» жабық жүк көлігі жолдан шығып кеткен болатын. Оған ТЖБ мен полиция қызметкерлері, ДЭУ-4 жұмысшылары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қарға батып қалған жүк көлігін шығаруға көмектесті.